10.08.2026
Қазақстан АӨК-дегі ғарыштық мониторингті кеңейтеді
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешендегі ғарыштық мониторинг деректерін практикалық қолдану аясы кеңейтіледі. Бұл туралы АӨК деректерінің дұрыстығы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының Бюро басшысы, ҚР СЖРА ҰСБ басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың төрағалығымен өткен алтыншы отырысында айтылды.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің алаңында өтткен отырысқа Ұлттық статистика бюросының, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ өкілдері және салалық сарапшылар қатысты.
Отырысты аша отырып, Мақсат Тұрлыбаев жұмыс тобының негізгі міндеті ведомстволық және статистикалық деректердің дұрыстығын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік қолдау көрсету кезінде заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша шешімдер әзірлеу екенін атап өтті. Ол өсімдік шаруашылығындағы деректерді верификациялаудың негізгі құралы ғарыштық мониторинг болып қала беретінін атап өтті.
«Біз тек ұсынылған мәліметтерге негізделген есептіліктен спутниктік деректерді пайдалана отырып, оларды объективті тексеруге көшуіміз керек. Бұл ресми статистиканың дұрыстығын арттыруға, мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және қабылданатын шешімдерге деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Ғарыштық мониторинг – бұл жай ғана заманауи технология емес, деректерді объективті тексерудің тиімді құралы», – деді М. Тұрлыбаев.
Сондай-ақ отырыстың күн тәртібінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау бойынша ағымдағы жобалары және ведомствоаралық тиімді өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Бюро өкілдерін АӨК цифрлық трансформациялау офисінің құрамына енгізу бастамасына ерекше назар аударылды. Бұл бастапқы кезеңдерде деректердің сапасы мен салыстырмалылығына қойылатын талаптарды ескеруге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығы саласындағы статистикалық деректердің нақтылығын қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Өйткені статистикалық ақпараттың сапасына мемлекеттік жоспарлау мен саланың даму болжамының дәлдігі тікелей тәуелді.
Кездесу соңында бейінді ведомстволарға заманауи цифрлық құралдарды енгізу бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды. Бұл мемлекеттік статистиканың ашықтығын, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шараларының атаулылығын арттыруға және елдегі агросақтандыру жүйесін дамытуға маңызды қадам болады.
Тізімге оралу