2024 жылғы шілдеде айлық инфляция деңгейі 0,7% құрады (ағымдағы жылғы маусымда – 0,4%). Ақылы қызметтердің бағасы 1,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,7%, азық-түлік тауарлары 0,2% өсті.
Бағаның өсуі ұялы байланыс үшін 11,5%, интернет-байланыс қызметі бойынша 6,8% өсті. Әуе көлігінің қызметі 12,9%, кешенді демалысты ұйымдастыру қызметі 11,5% қымбаттады.
Ағымдағы жылдың шілде айында баллондардағы сұйытылған газ бағасы 5,3% өсті. Ыдыс-аяқ 1%, киім мен аяқ киім 0,8% қымбаттады. Дәрі-дәрмектер бағасы 0,6% өсті.
Азық-түліктен қырыққабат бағасы 16,8%, картоп – 7,5%, пияз – 7,3% өсті. Темекі өнімдері – 3,8%, минералды су 1,6% өсті. Бір ай ішінде арзандаған тауарлар ішінде қызанақ бағасы 18,2% төмендеді, тәтті бұрыш – 11,2%, қызылша – 6,3%, қияр – 5,8%, сәбіз 2,1% арзандады.
Өңірлердің ішінде ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 1,3% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төмені Қостанай облысында – 0,2%.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Павлодар облысында – 1%, азық-түлік емес тауарлары бойынша Түркістан облысында 2,1%, ақылы қызметтер бойынша Жамбыл облысында – 4,4%.
2024 жылғы шілдеде жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,6% құрады. Ақылы қызметтердің бағасы 14,5%, азық-түлік емес тауарларының бағасы – 7,3%, азық-түлік тауарларының бағасы 5,5% өсті.
2023 жылғы шілдесімен салыстырғанда тарифтер су бұруға 42,7%, суық суға – 36,5%, орталық жылытуға – 33%, электр энергиясына – 31%, ыстық суға – 29,6%, қоқыс шығаруға 25,1% өсті. Денсаулық сақтау қызметтері 11,4%, байланыс қызметтері 10,7% қымбаттады. Ацетилсалицил қышқылының бағасы 59,4%, белсендірілген көмірге – 32,1%, хилак фортеге – 25,4%, парацетамолға 19,8% өсті. Банан – 29,9%, жүзім – 26,6%, қияр – 23,5%, зәйтүн майы 20,2% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде пияз 34,8%, қарақұмық жармасы – 22,1%, күнбағыс майы – 20,8%, қырыққабат 19% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
*2024 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 42,0%, азық-түлік емес тауарлар – 29,8%, ақылы қызметтер 28,2% құрады.