Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Астанада мемлекеттік секторда үлкен деректер мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды
16.09.2026
Астанада мемлекеттік секторда үлкен деректер мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды
Астанада мемлекеттік секторда үлкен деректер мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды
Астанада мемлекеттік секторда үлкен деректер мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды
Астанада мемлекеттік секторда үлкен деректер мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды

Астанада ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Ақпараттық-есептеу орталығында үлкен деректер мен жасанды интеллект мәселелеріне арналған MEETUP өтті. Кездесуге мемлекеттік статистика, қаржы секторы және корпоративтік сәулетшілердің кәсіби қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Іс-шараны Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Еркебұлан Иембердиев ашып, мемлекеттік секторда деректермен жұмыс істеуді дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті.

Кездесудің модераторы AEA Kazakhstan Chapter төрағасы Дәурен Досымбек болды. Ол корпоративтік сәулетшілердің халықаралық қауымдастығының және 2025 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қазақстандық чаптердің қызметімен таныстырды.

Мемлекеттік статистикада үлкен деректерді практикалық қолдану туралы ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы АЕО аналитикалық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Алпамыс Керембаев баяндады. Қатысушыларға ОФД, электрондық шот-фактуралар, зейнетақы жарналары және ұялы байланыс операторларының агрегатталған деректері негізінде әзірленген кейстер ұсынылды. Сонымен қатар Бюроның жасанды интеллект негізіндегі сервистеріне – Статистикалық бизнес-тізілімнің аналитикалық ассистентіне және AI-STAT байланыс орталығының ассистентіне жеке тоқталды.

Қаржы секторының тәжірибесі жекелеген ЖИ-пилоттық жобалардан жүйелі архитектураға көшу келесі кезеңге айналып отырғанын көрсетті. Eurasian Bank CDO-сы Зарина Жапарова жасанды интеллектіні енгізудегі деректерді басқарудың рөліне тоқталса, банктің Enterprise Architect, ЖИ архитектурасы департаментінің директоры Димаш Тореханов ИИ архитектурасының төрт деңгейлі моделін: қолжетімділік және сенім, оркестрация, білім және инференсті таныстырды.

Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасындағы деректердің салыстырмалылығы. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Деректерді талдау департаментінің директоры Сапарбек Досымбек көрсеткіштер тізілімінің моделін таныстырды. Бұл модельде әрбір көрсеткіш бойынша есептеу әдістемесі, дереккөз және жауапты иесі көрсетіледі. Мұндай тәсіл көрсеткіштермен жұмыс істеудің бірыңғай тәртібін қалыптастыруға және ведомствоаралық ақпарат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында блиц-пікірталас және сұрақ-жауап сессиясы өтті. Қатысушылар деректермен жұмыс істеудің бірыңғай тәсілдерін дамыту және ведомствоаралық өзара іс-қимылда аналитикалық сервистерді қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

MEETUP мемлекеттік және қаржы секторлары арасында үлкен деректер, аналитика және жасанды интеллект салаларындағы практикалық тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаңға айналды.

 

Тізімге оралу