Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Алматы форумында санақ жүргізудің халықаралық аспектілері талқыланды
22.05.2023
Алматы форумында санақ жүргізудің халықаралық аспектілері талқыланды


Алматыда ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы, ТМД мемлекетаралық Статистика комитеті және Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі ЮНФПА ұйымдастырған «Халық санағы: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер» атты екі күндік халықаралық форум басталды. Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларус, Қырғызстан, Ресей, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстаннан келген Үкімет, Ұлттық статистика қызметінің және халықаралық ұйым өкілдері мен сарапшыларын қоса алғанда, 140-тан астам қатысушы форум шеңберінде санақты жоспарлау, дайындау, өткізу және талдау жасау мәселелерін талқылайды, сондай-ақ келесі санақ раундын жоспарлау үшін 2020 жылғы санақ раундында алған тәжірибесін саралайды.



Форум ашылуында сөз алған Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов 2020 жылғы санақ раунды пандемияға байланысты ерекше өткенін және көптеген елдің жаңа технология шешімдерін іздеуге мәжбүр болғанын атап өтті.

«Бірқатар мемлекет өткен раундты өткізу барысында деректерді жинаудың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін геоақпараттық жүйелерді, планшеттерді пайдаланды, сауалнаманы онлайн тәсілмен жүргізді. Осы ретте, цифрландыру үрдісі одан әрі жалғасатын болады, жаңа дерек көздерін пайдалана отырып, ресми статистиканы жаңғырту – міндетті талапқа айналады. Келесі раунд елдердің санақ жүргізуге жұмсалатын ресурстарды барынша азайтуымен және дәстүрлі форматтан бас тартуымен де мен ерекшеленуі мүмкін», – деді Ж.Шаймарданов.

Форум аясында сарапшылар халық санағының деректерін пайдалану және оларды ТМД елдерінде кеңінен тарату мәселелерін қозғайды. Әлеуметтік-экономикалық талдау және болжау үшін деректерді пайдалану мүмкіндіктерін, сондай-ақ алдағы санақ үшін әдіснамаларды әзірлеу қажеттілігін және ТМД елдерінде статистикалық өндірісті арттыру мүмкіндіктерін зерделейді.

ТМД Статкомитетінің төрағасы Константин Лайкам халық санағы достастық елдеріндегі статистикалық жүйелердің дамуына күшті серпін береді деп есептейді.

«Мемлекет жұмысы үшін халық саны, жынысы және жасы, әлеуметтік, этно-лингвистикалық құрылымы жайында ақпараттың болуы – міндетті шарттың бірі. Онсыз мемлекеттің үдемелі-үйлесімді дамуына қол жеткізу, адамдардың әл-ауқатын арттыру мәселесін шешу қиынға соғады. Тарихи тұрғыдан алғанда, мұндай ақпараттың негізгі ресурсы – жалпыға бірдей санақ», – деп атап өтті ТМД мемлекетаралық статистика комитетінің төрағасы Константин Лайкам.

Өз кезегінде, ЮНФПА-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі өңірлік директорының орынбасары Джулия Валезе халық санағы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау және болжау, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің мониторингі үшін қажет халық туралы деректердің негізгі ресурсы ретінде өзінің маңызын сақтайтынын атап өтті.

«ЮНФПА халық санағына үлкен мән береді және оның жоғары сапасын қамтамасыз ету, халықаралық принциптер мен стандарттарды сақтау, сондай-ақ кеңінен таралуын және даму мақсатында пайдаланылатын деректерді алу үшін техникалық қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. ЮНФПА атынан мен Халық және даму жөніндегі Халықаралық конференцияның іс-қимыл бағдарламасын іске асыруда адамдарды, қауымдастықтарды және елдерді қолдауға және демографиялық динамиканы ескеретін саясат пен бағдарламаларды қорғаудағы міндеттемемізді растағым келеді», – деп атап өтті Джулия Валезе.

Форум қорытындысы бойынша талқыланатын тақырыптар болашақ санақтың тиімділігіне ықпал етіп, нақты деректерге негізделген саясатты ілгерілетуге қолдау көрсетеді деп күтілуде. Бұл нақты және толыққанды деректерге негізделген әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты стратегияларын әзірлеуге және шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Тізімге оралу

Онлайн кеңесші