Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді
04.09.2026
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді

2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.

Апта ішінде пияз – 7,2%-ға, сәбіз – 4,6%-ға, картоп – 3,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 3,1%-ға, алма – 1%-ға төмендеді.

Өңірлер бөлінісінде еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеді.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, килограмына 135 теңге деңгейінде тіркелді.

Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы килограмына 238 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – килограмына 155 теңге.

Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 234 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодарда – 169 теңге және Қостанайда – 183 теңге деңгейінде қалыптасты.

Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында тіркелді – килограмына 315 теңге.

Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 804 теңгені, тауық етінің бағасы 1 746 теңге деңгейінде тіркелді.

 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.

*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.

 

Тізімге оралу