Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Қазақстанда 4,5 миллионнан астам әйел экономиканың әртүрлі салаларында еңбек етуде
27.07.2026
Қазақстанда 4,5 миллионнан астам әйел экономиканың әртүрлі салаларында еңбек етуде
2026 жылғы I тоқсанда халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеуі деректері бойынша, Қазақстандағы жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4 527,1 мың адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9% көп.
Олардың ішінде 3 602,0 мың адам (экономикадағы жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санының 79,6%) жалдамалы қызметкерлер болса, 925,1 мың адам (20,4%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Жұмыспен қамтылған әйелдердің ең көп үлесі дәстүрлі түрде білім беру саласында шоғырланған. Бұл салада 902,2 мың әйел еңбек етеді, бұл жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санының 19,9% құрайды. Екінші орында көтерме және бөлшек сауда саласы – 877,6 мың адам (19,4%), үшінші орында денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласы – 426,3 мың адам (9,4%). Сондай-ақ өнеркәсіпте 388,1 мың әйел (8,6%), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 351,2 мың әйел (7,8%) жұмыспен қамтылған.

Бір жыл ішінде жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында (+25,7%), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында (+21,9%), көлік және қоймалау қызметінде (+16,2%) және өнеркәсіпте (+7,6%) тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі Қарағанды облысында (+7,8%), Ақтөбе облысында (+6,5%), Алматы қаласында (+6,3%) және Түркістан облысында (+6,1%) байқалды.

Қала халқы арасында жұмыспен қамтылған әйелдер саны ауылдық жерлермен салыстырғанда жоғары болды. Қалалық жерлерде жұмыспен қамтылған әйелдер саны 3 008,5 мың адамды құрады.

Тізімге оралу