Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
2024 жылы Қазақстан Республикасында ересектердің темекіні тұтынуы
11.10.2024
2024 жылы Қазақстан Республикасында ересектердің темекіні тұтынуы

2024 жылдың шілдесінде Ұлттық статистика бюросы ересек тұрғындар арасында темекіні тұтыну туралы кезекті жыл сайынғы зерттеу жүргізді. Сауалнама республиканың барлық өңірін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Оған 15 жастан асқан 11824 үй шаруашылығының бір мүшесі жауап берді.

Зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқан үй мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 20,7% (2023 жылы – 20,4%) немесе ерлердің – 39,8%, әйелдердің – 7,6% темекі шегеді. Ауылдық жерлерде темекі тартатындардың үлесі 22,3%, қалалық жерлерде – 20% құрады. Темекі шегетін халықтың жалпы санының 83,7% өнеркәсіпте жасалған темекіні шегеді. Өңірлер арасында темекі шегушілердің ең көп үлесі Шығыс-Қазақстан облысында (27,6%) тіркелді.

Үйде темекі түтінінің әсеріне жалпы халықтың 9,2% ұшырайды, оның ішінде 8,5% темекі шекпейтіндер, жұмыста темекі түтініне халықтың 6,6% ұшырайды, оның ішінде 6,2% – темекі шекпейтіндер. Қоғамдық тамақтану орындарында сауалнамаға қатысқан респонденттердің 11,5% темекі түтініне ұшырайды, оның 10,9% – темекі шекпейтіндер.

Темекі өнімдерін шегу ауру тудырады деп есептейтін респонденттердің үлесі 85,8% құрайды, сонымен бірге отбасы мүшелерінің темекі өнімдерін тұтынуына қарсы болған респонденттердің үлесі небәрі 4,6%. Барлық жерде темекі шегуге толық тыйым салатын заңнамалық бастамаларды енгізуге сауалнамаға қатысқан респонденттердің 72,2% қолдау білдірген.



* Ұлттық статистика бюросы елдегі ересек тұрғындардың темекіні тұтынуы бойынша зерттеуін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша 2020 жылдан бастап жүргізеді. Зерттеудің мақсаты – темекі тұтынудың, темекі шегудің болжамды деректерін, сондай-ақ темекіні тұтынудың алдын алу және бақылау туралы ақпаратты алу. Сауалнама жүргізу үшін өмір сүру деңгейін бағалау үшін үй шаруашылықтарын іріктеп тексеру желісі пайдаланылады.

*2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Ұлттық статистика бюросы елдегі ересек халықтың темекі тұтынуы бойынша зерттеу жүргізеді.

Тізімге оралу

Онлайн кеңесші