Есепті деректер бойынша 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі жалпы ішкі өнімнің нақты көлем индексі 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 104,1% құрады. ЖІӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі – 36,2%, қызметтердікі – 56,7% құрады.
Ең жоғары өсімді ақпарат және байланыс (10,9%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (10,8%), құрылыс (10,1%), көлік және қойма (8%), көтерме және бөлшек саудада сату; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу (6,5%), электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау (5,5%) салалары көрсетті.
Егер биылғы қаңтар-қыркүйек кезеңін өткен жылдармен салыстыратын болсақ, Қазақстанның ЖІӨ 2022 жылғы 65 487,8 млрд теңгеден 2024 жылы 84 962,6 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл ретте дефлятор 119,9%-тен 108%-ке дейін төмендеді, нақты көлем индексі 103%-тен 104,1%-ке дейін өсті.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте (есептік деректер бойынша) 9 204,3 АҚШ долларын құрады.