«Ресурстар-Пайдалану» кестелері Ұлттық шоттар жүйесінің интеграцияланған құрылымының негізгі компоненттерінің бірі болып табылады, ол экспортты қоса алғанда, ұлттық экономика салаларында өндірілетін немесе импорт бойынша түсетін әртүрлі тауарлар мен қызметтер ресурстарының аралық және түпкілікті пайдалану арасында қалай бөлінетінін сипаттайды.
Ресурстар және пайдалану кестелері «шығындар-шығарылым» егжей-тегжейлі кестелерін құрастыру үшін бастапқы ақпаратты қамтиды.
Қызметтер және тауарлар шығарылымы есепті кезеңде ұлттық экономиканың резидент бірліктерінің өндірістік қызметінің нәтижесі болып табылатын қызметтер және тауарлардың жиынтық құны болып табылады.
Негізгі баға – өнімдерге төлеуге жататын кез келген салықтарды қоспағанда және өнімдерге демеуқаржыларды (импортқа демеуқаржылардан басқа) қоса, тауар немесе қызмет бірлігі үшін өндіруші алатын баға.
Сатып алушының бағасы – бұл сатып алушы белгілеген мерзімде және орынға тауар немесе қызмет бірлігін жеткізгені үшін сатып алушы төлейтін сома (шегерілетін кез келген ҚҚС немесе шегерілетін ұқсас салықтарды қоспағанда).
Аралық тұтыну - есепті кезең ішінде өндіріс үдерісінде трансформацияланатын немесе толықтай тұтынылатын тауарлар мен қызметтер құны.
Өнімге салынатын салықтар мөлшері өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің құнына тікелей байланысты салықтарды қамтиды. Өнімдерге салынатын салықтарға мыналар жатады: қосылған құн салығы, акциздер, кедендік баждар және т. б.
Сауда үстеме бағасы нақты баға және қайта сату үшін сатып алынған тауарды өткізу нәтижесінде алынған, шартты түрде есептелген және сауда кәсіпорны ұқсас тауарды сатқан кезде немесе басқа жолмен пайдаланған сәтте сатып алу үшін төлеуге тиіс болатын бағалар арасындағы айырма ретінде анықталады.
Көлік үстеме бағасы өнімнің өзіндік құнына кіретін көлік қызметін жүк көлігінің жалпы шығарылымынан және субсидиядан шегерумен алынады.
«Ресурстар – Пайдалану» кестелерін құрастыру мақсаты үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұжырымдамалар, анықтамалар және статистикалық бірліктер жіктелімінің, қызмет, өнімдер түрлерінің жүйелері пайдаланылады.
Кестелер негізгі бағаларда және сатып алушы бағасында құрылған. Негізгі бағалардағы ресурстар кестесінде отандық тауарлар мен қызметтердің ұсыныстары көрсетіледі, олар нарықтық, нарықтық емес өнімнен, меншікті тұтыну үшін тауарлар мен қызметтердің шығарылымынан құралады және ұлттық экономикадағы ұсыныстың жалпы көлемінен тауарлар мен қызметтер импортының, көлік, сауда-делдалдық үстеме бағалар және өнімдерге салынған салықтар мен субсидиялар шамасынан ерекшеленеді. Сатып алушылардың бағаларында ресурстарды пайдалана отырып, негізгі бағадағы шығарылым көрсеткіштерін келісуді қамтамасыз ету үшін ресурстар кестесінде арнайы бағандар көрсетілген, онда көлік және сауда үстеме бағалары, салықтар мен өнімдерге субсидиялар көрсетілген.
Пайдалану кестесі аралық тұтыну мен түпкілікті пайдалану туралы ақпараттан тұрады және ол үш блокқа бөлінеді. Бірінші квадрант тауарлар мен қызметтердің бөліп көрсетілген топтамалары бөлінісіндегі салааралық байланысты сипаттайды, мұнда бағандар бойынша салалардағы өнім өндірісіне жұмсалған шығындар, жолдарда салалар бөлінісіндегі өнім өндірісіне жұмсалған тауарлар мен қызметтерді пайдалану көрсетіледі. Екінші квадрант оның функционалды элементтері (түпкілікті тұтынуға кеткен шығыстар, жалпы қорланым, тауарлар мен қызметтердің бөліп көрсетілген бөлінісіндегі экспорт) бойынша түпкілікті сұранысты сипаттайды. Үшінші квадрант бөліп көрсетілген салалар бөлінісіндегі жалпы ішкі өнімнің компоненттерін (еңбек ақы төлеу, жалпы пайда, жалпы аралас табыс, өндіріске салынатын басқа да салықтар, өндіріске берілген басқа да субсидияларды) көрсетеді. Пайдалану кестесінде сатып алушылар бағаларындағы тұтынылған ресурстар бірінші және екінші квадранттар шегінде олардың сатып алынған құны бойынша көрсетіледі, яғни субсидияларды шегерумен есептелген сауда-көлік үстеме бағалары мен салықтарды қоса.
«Ресурстар – Пайдалану» кестелерін қалыптастырудың негізгі принципі өлшеу бірдей бағалар бойынша жүзеге асырылған кезде ресурстардың жалпы саны тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді пайдаланудың жалпы көлеміне тең болуында:
Ресурстар кестесі және пайдалану кестесі бір-бірінен ажырамас бірлікте болады. Осы тұтастық шеңберінде ресурстар кестесіндегі сала бойынша өнімнің жиынтық шығарылымы пайдалану кестесіндегі шығындар мөлшеріне (ЖҚҚ компоненттерін қоса алғанда) теңестіріледі, яғни ресурстар және пайдалану кестелеріндегі салалар үшін бағандар бойынша тиісті қорытындылар сәйкес келеді. Осыны тауарлар мен қызметтердің теңгерімдік теңдестігі ретінде қарастыруға болады.