Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Жандос Шаймарданов статистика бойынша халықаралық студенттер олимпиадасының жеңімпаздарымен кездесті
02.06.2023
Жандос Шаймарданов статистика бойынша халықаралық студенттер олимпиадасының жеңімпаздарымен кездесті


Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов Статистика бойынша халықаралық студенттер олимпиадасында бірінші орын алған Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының командасымен кездесті.

Бюро басшысы студенттерді жеңісімен құттықтап, жеңімпаздарға алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар ол жас мамандардың халықаралық аренада Қазақстанның абыройын қорғаудағы ерекше еңбегін атап өтті.

«Статистика бойынша І Халықаралық студенттер олимпиадасында Қазақстанды абыроймен таныстырғаныңызға ризамын. Биыл біз осы ЖОО-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, оның аясында Бюро сарапшылары студенттерге дәріс өткізе бастады. Ол үшін біз «Статистикалық индикаторлардың әдістемесі мен талдауы» арнайы оқу модулін әзірледік. Біз статистика саласының жаңа ізбасарларын тәрбиелеу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарына қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Ж. Шаймарданов.

Олимпиада қатысушылары өз жобаларын қорғау кезінде әлеуметтік көрсеткіштер бойынша статистикалық мәліметтерді пайдаланды.

«Қазақстанда халықтың өмір сүру сапасы бойынша бірегей Статистикалық зерттеу жүргізіледі. Бұл біздің артықшылығымыз болады деп ойладық. Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы өміріне қанағаттану мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасының жиынтық субъективті көрсеткіштерінің рөлін зерттеу және анықтау болды», – деп атап өтті олимпиада жеңімпаздары.

Еске салсақ, 15-19 мамыр аралығында Мәскеуде ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті ұйымдастырған Халықаралық студенттік статистикалық фестиваль өтті, оның аясында статистика бойынша халықаралық студенттік олимпиада ұйымдастырылды. Оған 7 елден барлығы 12 команда қатысты, жарыста Қазақстан атынан Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы және Нархоз университетінің студенттері қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша ММУ Қазақстандық филиалының командасы бірінші орынды иеленді, Нархоз Университеті «Кәсіби серпіліс» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

Тізімге оралу

Онлайн кеңесші