Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
    Түйінді тұстар
    3 744,3 млрд. теңге
    2024 жылғы экологиялық салықтардың жалпы сомасы
    2,7%
    Экологиялық салықтардың Қазақстан Республикасы ЖІӨ-дегі үлесі
    67,3 %
    Экологиялық салықтар құрылымындағы энергия тасымалдаушыларға салынатын салықтардың үлесі
    Түйінді тұстар

    Экологиялық салықтар шоты (бұдан әрі – ЭСШ) Қазақстан Республикасы аумағында табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны ластаудан түсетін салықтық түсімдер туралы ақпаратты жүйелейтін табиғи-экономикалық есепке алудың маңызды құралы болып табылады. ЭСШ деректері экономиканың әртүрлі салаларының экологиялық төлемдер арқылы мемлекеттік бюджетке қосатын үлесін бағалауға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы салық саясатының тиімділігін талдауға мүмкіндік береді. Бұл ақпарат табиғатты қорғау қызметін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу және экологиялық салық салу тетіктерін жетілдіру үшін пайдаланылуы мүмкін.

    2024 жылы экологиялық салықтардың жалпы сомасы 3 744,3 млрд теңгені құрады, бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 2,7%-ына тең. Экологиялық салықтардың құрылымында ең үлкен үлесті энергия жеткiзгiштерге салықтар – 2 521,7 млрд теңге немесе жалпы соманың 67,3%-ы. Одан кейін табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін салынатын салықтар – 975,2 млрд теңге (26,1%) және көлік салығы –131,8 млрд теңге (3,5%) орналасқан. 2024 жылы қоршаған ортаны ластағаны үшін салынатын салықтардың үлесі экологиялық салықтардың жалпы көлеміндегі ең төмен көрсеткіш болды және 115,7 млрд теңгені немесе 3,1%-ды құрады.

    Экологиялық салықтардың құрылымы
    Экологиялық салықтардың құрылымы
    Экологиялық салықтың түрі Түсімдер, мың. теңге Экологиялық салықтардың ЖІӨ-гі үлесі, пайыз
    Энергия жеткiзгiштерге салықтар 2 521 650 309,9 1,8
    Көлiк салығы 131 807 823,2 0,1
    Қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін салық 115 672 060,7 0,1
    Ресурстарды пайдаланғаны үшін салық 975 168 720,9 0,7
    Экологиялық салықтардың барлығы 3 744 298 914,7 2,7

    ЭСШ экономикалық қызмет түрлері бойынша Қазақстан Республикасы экономикасының салалары арасында экологиялық салық түсімдерінің бөлінуі туралы толық ақпарат береді, бұл әртүрлі секторлардың қоршаған ортаға түсіретін экологиялық жүктемесін бағалауға мүмкіндік береді.

    2024 жылғы деректер бойынша экологиялық салықтардың ең үлкен көлемі тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді игеруге тиесілі – 2724,4 млрд теңге немесе жалпы экологиялық салықтардың 72,8%-ы. Екінші орында өңдеу өнеркәсібі – 731,7 млрд теңге (19,5%). Сондай-ақ елеулі үлесті: кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 78,2 млрд теңге (2,1%); көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 42,7 млрд теңге (1,1%) құрайды. Ал көлік және қоймалау саласының үлесі жалпы экологиялық салықтардың 0,6%-ын, немесе 22,5 млрд теңгені құрады.

    Глоссарий

    Энергия тасымалдаушыларға салынатын салықтар – көлік құралдарында (бензин, дизель отыны), сондай-ақ стационарлық объектілерде (көмірсутек шикізаты, оны қайта өңдеу өнімдері, электр энергиясы) пайдаланылатын энергетикалық өнімдерден алынатын салықтық түсімдер. Сондай-ақ бұл санатқа биоотынға және жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергияның басқа да түрлеріне салынатын салықтар кіреді.

    Көлік салығы – экологиялық салықтардың жалпы анықтамасына сәйкес келетін көлік құралдарын өндіруге, сатуға, иеленуге және пайдалануға, сондай-ақ көлік қызметтеріне байланысты алынатын салықтық түсімдер.

    Қоршаған ортаны ластағаны үшін салынатын салықтар – стационарлық көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындыларына, су объектілеріне ластаушы заттардың төгінділеріне, қалдықтарды сақтау мен көмуге (қалдықтарды орналастыруға) салынатын салықтық түсімдер. Көміртегі шығарындыларына салынатын салықтар бұл санатқа кірмейді және энергия тасымалдаушыларға салынатын салықтардың құрамында есепке алынады.

    Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін салынатын салықтар – су алуға, пайдалы қазбаларды және басқа да табиғи ресурстарды (мысалы, құм мен қиыршық тасты) өндіруге салынатын салықтар. Экологиялық салықтардың жалпы қамту аясына сәйкес жерді немесе табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін мемлекетке төленетін төлемдер рента ретінде қарастырылады және табиғи ресурстарға салынатын салықтардың құрамына енгізілмейді.

    Әдіснамалық түсіндірмелер

    Экологиялық салық – қоршаған ортаға дәлелденген нақты теріс әсер ететін құбылысты сипаттайтын көрсеткіш (табиғи немесе оған баламалы өлшем бірліктерімен өлшенетін) негізінде есептелетін салық. Экологиялық салықтар төрт негізгі санатқа бөлінеді: энергия тасымалдаушыларға салынатын салықтар; көлік салығы; қоршаған ортаны ластағаны үшін салынатын салықтар; табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін салынатын салықтар. Экологиялық салықтарды экономикалық қызмет түрлері бойынша бөлу ұлттық экономиканың құрылымын және экономиканың әртүрлі салаларының қоршаған ортаға әсер ету деңгейін көрсетеді.

    Экологиялық салықтар шоты бойынша деректер Табиғи-экономикалық есепке алу жүйесінің (ТЭЕЖ 2012) халықаралық стандарттарына сәйкес жыл сайын жарияланады.

    Шығаруға жауапты:
    Ұлттық шоттар департаменті
    Департамент директоры:
    Ә.Е. Нақыпбеков
    Тел. +7 7172 74 97 17
    Орындаушы:
    Қайсар А.А.
    Тел. +7 7172 74 95 27
    E-mail: a.kaisar@aspire.gov.kz
    Мекенжай:
    010000, Астана қаласы
    Мәңгілік ел даңғылы, 8
    Министрліктер Үйі, 4-кіреберіс