Көтерме сауда көлемі 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 11786,4 млрд. теңгені немесе 2023 жылғы тиісті кезең деңгейіне 101% құрады. Көтерме тауар айналымының құрылымында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер басым (79,2%).
Республиканың көтерме саудасының жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес салмағы 2024 жылғы қаңтар-сәуірде Алматы қаласына (39,3%), Атырау облысына (16,9%), Астана қаласына (15,2%), Қарағанды облысына (5,7%) тиесілі.
2024 жылғы қаңтар-сәуірде бөлшек сауда көлемі 5407,8 млрд. теңгені құрады, бұл 2023 жылғы тиісті кезең деңгейінен 5,2% - ға артық. Сауда кәсіпорындарының тауарларды бөлшек саудада өткізуі 8,6% - ға ұлғайды, дара кәсіпкерлердің, оның ішінде базарларда сауда жасаушылардың, 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 4,5%- ға азайды.
Жыл басынан бері жеке меншік нысанындағы кәсіпорындардың тауарларды бөлшек саудада өткізуінен 4848,6 млрд.теңге (бөлшек сауданың жалпы көлемінің 89,7%), шетелдік меншік нысанынан 559,2 млрд. теңге (10,3%) сомасында айналым алынды.
2024 жылғы 1 мамыр жағдайы бойынша бөлшек саудадағы сауда кәсіпорындарының (есеп берген кәсіпорындар бойынша) тауар қорларының көлемі 1554,2 млрд.теңгені, сауда күндерінде – 75 күнді құрады.
Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық – түлік тауарларының үлесі – 29,1%, азық-түлік емес тауарлардың үлесі – 70,9% құрайды. Азық-түлік тауарларын өткізу көлемі 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 7% - ға ұлғайды, азық-түлік емес тауарларды өткізу көлемі 4,6% - ға ұлғайды.
2024 жылғы қаңтар-сәуірдегі республиканың бөлшек саудасының жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес салмағы Алматы қаласына (31,6%), Астана қаласына (12,4%), Қарағанды (7,9%) және Шығыс Қазақстан (6%) облыстарына тиесілі.
Бөлшек сауда – сатып алушыға жеке, отбасылық, үй iшiнде немесе кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет.
Көтерме сауда – жеке, отбасылық, үй iшiнде және осындай өзге де пайдаланумен байланысты емес, кейiннен сатуға немесе өзге мақсаттарға арналған тауарларды өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет.
Нақты көлем индексі – базистік көрсеткішпен салыстырғанда ағымдағы кезеңде тауар массасын сату көлемінің (тауар айналымының сандық факторы) өзгеруін сипаттайтын салыстырмалы көрсеткіш.
Тауарлық-материалдық қорлар – белгілі бір күнге сауда кәсіпорындарында, қоймаларда, жолда болатын ақшалай немесе заттай түрдегі тауарлардың саны.
Тауарлар мен қызметтерді сату көлемі сатылған тауарлар, өнімдер және көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін алынған ақшалай түсім сомасын сипаттайды.
Айналымның нақты көлемінің индексі бағаның өзгеруінің әсерін қоспағанда, оның тек физикалық көлемінің өзгеруі нәтижесінде айналымның қалай өзгеретінін көрсетеді.
Тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) өткізудің нақты көлемінің индексін есептеу үшін есепті және базистік кезеңдердің айналымдары, базистік кезең ретінде қабылданған бір кезеңнің бағасымен (тұрақты бағамен) салыстырылады.