Инфляция 2023 жылы 9,8%-дан 2024 жылы 8,6%-ға баяулады. Өткен жылы бағалар ақылы қызметтерге – 13,3%, азық-түлік емес тауарларға – 8,3%, азық-түлік тауарларына 5,5% өсті.
Ақылы қызметтер бойынша тарифтер суық суға – 43,1%, ұялы байланыс қызметтеріне – 27%, су бұруға – 25,7%, орталық жылытуға – 22,3%, ыстық суға – 19,2%, электр энергиясына тарифтер 18,4% жоғарылады. Жол жүру төлемі теміржол жолаушылар көлігіне – 24,9%, қалалық автобусқа 11,8% қымбаттады.
2024 жылы ноутбукке – 67,3%, сымсыз құлаққаптарға – 55,2%, USB флэш-дискісіне – 54,9%, планшетке 45,7% бағаның өсуі байқалды. Баллондағы сұйытылған газ – 10,1%, қатты отын 10,4% қымбаттады.
Азық-түліктер ішінде баға картопқа – 37,7%, тәтті бұрышқа – 25,5%, зәйтүн майына – 23%, басты пиязға – 21,2%, қызанаққа – 20,3%, қиярға 18,8% өсті. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасына – 21,4%, сәбізге – 8,7%, қантқа – 3,2%, күрішке – 2,9%, қырыққабатқа 1,7% байқалды.
Өңірлердің ішінде ең жоғары жылдық инфляция Астана қаласында – 10,7% (орташа республикалық деңгейден 2,1 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы облысында 6,6% тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Жетісу облысында – 7,9%, азық-түлік емес тауарларына – Түркестан облысында 13,2%, ақылы қызметтерге – Астана қаласында
16,9% өсті.
2024 жылғы желтоқсанда тұтыну бағаларының индексі 100,9% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 0,8%-дан жоғарылады.
Өткен айда баға қиярға – 31,3%, қызанаққа – 13,2%, тәтті бұрышқа – 10,4%, картопқа – 6,6%, қырыққабатқа – 5,1%, тұздалған майшабаққа – 4,1%, жүзімге – 3,9%, алмұртқа 3,4% өсті. Қонақ үй қызметіне – 3,1%, қоғамдық тамақтану, монша қызметтеріне – 2%-дан, фотограф қызметтері 1,7% жоғарылады. Тұрғын үйді жалға алу 2,8% қымбаттады. 2024 жылдың желтоқсан айында бағаның өсуі ұсақ электр бұйымдарына – 5,5%, жиһаз және үйге қажетті заттарға 1,2% байқалды. Баға планшетке – 12,8%, алтын неке сақинасына – 8,3%, дәрілерге – 0,9%, киім және аяқ киімге 0,7% өсті.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
*2024 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 42,0%, азық-түлік емес тауарлар – 29,8%, ақылы қызметтер 28,2% құрады.