Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Ұлттық статистика бюросы инфляцияны есептеудің жаңа әдістемесін сынақтан өткізіп жатыр
20.02.2024
Ұлттық статистика бюросы инфляцияны есептеудің жаңа әдістемесін сынақтан өткізіп жатыр

Бұл туралы үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңес барысында белгілі болды, онда инфляцияны есептеу бойынша жаңа әдіснамаға көшу жөніндегі жұмыстың нәтижелері қаралды.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев инфляцияны есептеудің жаңа әдістемесіне көшу туралы айтып берді, онда фискалдық чектердің деректері тауарлар мен қызмет бағасын мониторингтен өткізу барысында балама көз ретінде пайдаланылатын болады.

«Жұмыс жоспарымызға сәйкес, келесі айда біз жаңа әдіснаманы пысықтауды аяқтаймыз. Соның негізінде сәуірден бастап бағдарламалық кешенге өзгерістер енгізіледі және мамыр айында тұтыну бағаларының индексін есептеу бойынша пилоттық жоба жоспарланған. Келесі жылдың басынан бастап инфляцияны есептеудің жаңа әдістемесіне көшеміз деп отырмыз», – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Айта кетейік, бюро инфляцияны есептеу үшін ай сайынғы негізде тауарлар мен қызметтердің 508 позициясы бойынша баға мониторингін жүргізеді. Мұнда сауда орталықтарын, базарларды, үй жанындағы дүкендерді, әлеуметтік дүкендерді (12 мыңнан астам бақыланатын Нысандар) аралап өтетін тіркеуші маман бағаларды арнайы жасалған мобильді қосымшада тіркейді.

Фискалдық операторлардың деректерін пайдалану зерттелетін объектілер ауқымын кеңейтуге және баға бойынша неғұрлым егжей-тегжейлі ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Серік Жұманғарин бюроның бұл мәселедегі ілгерілеуін құптап, ауытқу дәрежесін түсіну үшін 2023 жылғы деректерді де жаңа әдістеме бойынша сараптамадан өткізіп, екі әдіспен есептелген қорытынды деректерді ұсыну қажеттігін атап өтті.

«Дүкендер кассасында берілетін фискалдық чектердегі тауар атауы әр түрлі болуы мүмкін. Бір сатушы 1-ші сұрыпты нан деп көрсетсе, екіншісі І сұрыптағы кірпіш-нан деп жазуы мүмкін. Қаржы министрлігімен бірге біз өткен жылдан бері тауарлар жіктеуішін ретке келтіру жұмысын жүргізіп келеміз. Осы мақсатта тауарлардың Ұлттық каталогы әзірленіп жатыр», – деп түсіндірді бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
Фискалдық деректер операторларының деректері негізінде есептеу әдістемесін әзірлеу барысында халықаралық валюта қорының сарапшылары консультациялық қызмет көрсетті. Бүгінде Бельгия, Швеция, Швейцария сияқты Еуропа елдері инфляцияны есептеу үшін фискалды деректерді белсенді пайдаланып келеді. Инфляцияны есептеу үшін жаңа әдіс дәстүрлі әдіспен қатар жүргізілетін болады.

Фото дереккөзі:primeminister.kz

Тізімге оралу

Онлайн кеңесші