Озон қабатын бұзатын заттарды (ОБЗ) тұтыну
Жаңартылған күні: 08.02.2019
А-3 Озон қабатын бұзатын заттарды (ОБЗ) тұтыну
Стратосферадағы озон қабаты Жер атмосферасының маңызды компоненті болып табылады. Ол адамдарды, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қысқа толқынды ультракүлгін (УК) сәулелердің әсерінен қорғайды. Озон УК сәулеленудің әсер етуі кезіңде кейбір ОБЗ реакциялары нәтижесінде бұзылады. Озон қабатын бұзатын қосылыстарға хлорфторкөміртегілер (ХФК), көміртегі тетрахлориді, метилхлороформ, галондар, гидрохлорфторкөміртегілер (ГХФК), гидробромфторкөміртегілер (ГБФУ) және метилбромид жатады. Олар өрт сөндіргіштерде (галондар) және ауыл шаруашылығы пестицидтерінде (метилбромид) аэрозольдер үшін еріткіштер, хладагенттер, көбіктендіру және майсыздандыру заттары, ығыстырғыштар ретінде пайдаланылады. ОБЗ-ның озон қабатына әсер ету дәрежесі олардың химиялық сипаттамаларына байланысты болады.
Көрсеткіш Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіннің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 223 бұйрығымен бекітілген «Қоршаған орта статистикасының көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі әдістемесіне» сәйкес қалыптастырылады. Озон қабатын бұзатын заттарды (ОБЗ) тұтыну бойынша деректерді қалыптастыруға жауапты орган Климаттың өзгеруі жөніндегі үйлестіру орталығы болып табылады.
Ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің және кәсіпорындардың деректері негізінде қалыптастырылады (мерзімділігі - жылдық).
Озонды бұзу қабілеттілігінің (ОБҚ) тоннасымен өлшенеді.
2017 жылы республикада озон қабатын бұзатын заттарды (ОБЗ) тұтыну көлемі 6,82 ОБҚ тоннасын құрады. 2000 жылдан бастап ОБЗ тұтынудың айтарлықтай төмендеуі байқалады. Егер 2000 жылы 597,9 ОБҚ тоннасы тұтынылса, онда 2017 жылы тұтынылған ОБЗ көлемі 87,7 есеге қысқартылған.
Көрсеткіш озон қабатын бұзатын заттардың қоршаған ортаға қысымының дәрежесін сипаттайды.
1) 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 223 Қоршаған орта статистикасының көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі әдістеме
2) «Қоршаған ортаны қорғау және Қазақстанның орнықты дамуы» жинағы
3) Климаттың өзгеруі жөніндегі үйлестіру орталығы http://www.climate.kz
4) «Қазақстан Республикасының Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль Хаттамасына қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 30 қазандағы № 176 Заңы http://adilet.zan.kz